#MaxVax акциясы: Қарағанды облысының студент жастарын вакцинациялауға шақырады

#MaxVax акциясы: Қарағанды облысының студент жастарын вакцинациялауға шақырады

Қарағанды облысында студенттердің вакцинация және белсенді иммундау туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған #MaxVax жастар акциясы басталды. Іс-шара аясында облыстың жоғары оқу орындарында мобильді егу пункттері ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады.

– Мен облыстық клиникалық аурухананың қарқынды терапия және реанимация бөлімінде жұмыс істеймін. Күн сайын өз қызметімнің сипатына қарай мен коронавирустық инфекцияның қаншалықты тез таралатынын және оның қандай зиянды салдарға әкелетінін көруім керек. Өкінішке орай, біз жиі қайғылы оқиғалардың куәгерлері боламыз. Бүгінгі күні біздің бөлімшедегі барлық пациенттердің 99%-ы – вакцина алмаған адамдар, – дейді ОКА инфекциялық бөлімшесінің интерн-дәрігері Дарын Әбілжанов. – Инфекциямен күресудің ең тиімді шараларының бірі вакцинация болып табылады. Біз барлығын өзімізді және жақындарымызды қорғауға шақырамыз.

Өңірдегі жоғары оқу орындарының деректеріне сәйкес, Қарағанды облысында 4 мыңға жуық оқытушылар мен қызметкерлер, сондай-ақ 12 мыңнан астам студенттер мен магистранттар екпе алды. #MaxVax акциясы аясында ұйымдастырушылар вакцинация сарапшыларын шақыра отырып, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер сериясын өткізуді жоспарлап отыр.

– Жастар офлайн-оқыту режиміне көшу туралы жаңалықты қуана қабылдады. Бірақ дәстүрлі форматтың тұрақтылығы карантин шарттарын сақтауға және әркімнің жеке жауапкершілігіне байланысты болмақ. Оқу аудиторияларында, жатақханаларда және басқа да адамдар көп жиналатын орындарда жұқтыру қаупін барынша азайту үшін вакцинацияланғандардың жоғары үлесін қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов. – Тамыз айының соңында қаладан тыс жерлерден келетін студенттердің саны артады, сондықтан бізге оқу корпустары мен жатақханалар базасында вакцинация бойынша мобильді бригадалардың жұмысын ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, қыркүйек айында вакцинацияланған ЖОО студенттері арасында MaxVaxBox ұтыс ойынын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ұтыс ойынына қатысу үшін вакцинаның кем дегенде бірінші компонентін алып, содан кейін телеграм-бот арқылы қатысушы ретінде тіркелу қажет (әр ЖОО бөлек құрылады) және нәтижесін күту қажет. Жеңімпаздар рандомдық әдіспен анықталады.

Барлығы құнды сыйлықтармен 10 қорап ойналады, олардың ішінде гаджеттер ғана емес, сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары, кеңсе тауарлары да бар.

– Әзірге біздің облысымызда барлық ЖОО арасында вакцинация қарқыны бойынша Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы көш бастап тұр. Онда барлық курсанттар мен оқытушылар екпе алды. Мүмкін, бұл ішінара оқу орнының ерекшелігіне байланысты болар. Сондай-ақ, үздік үштікте Қарағанды медицина университеті, Жезқазған университеті және Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бар. Жалпы 57% студенттер вакцинацияланған. Өкінішке орай, бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіш емес. Біз жастарды #MaxVax акциясын қолдауға шақырамыз, – деді студенттерге Біржан Әлімжанов.