
Балқаштағы Қоңырат шағын ауданында орталық жылумен жабдықтау құбырлары тартылды. Ұзақ жылдар бойы тұрғын үйлер қазандықтың көмегімен жылытылып келді. Тұрғындар пәтерлеріндегі температураның төмен екенін айтып шағымданған. Енді жағдай өзгереді.
Жаңа жылу магистралі 2020 жылы "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша салына бастады. Балқаш ЖЭО-нан Қоңыратқа дейін 17 шақырым жылу құбыры тартылды. Жобаны іске асыру Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тұрақты бақылауында болды.
Жақын арада желі қысыммен тексеріліп, қыркүйек айына дейін нысан пайдалануға беріледі. Жобаны іске асыру кезінде жобаны басқару әдістері мен құралдары ескерілді.
Орталық жылуға тұрғын үйлер, әлеуметтік сала және бизнес нысандары қосылатын болады.
Сонымен қатар, Қоңыратта ұзындығы 8,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілері салынуда.
Бұл жобаларды іске асыру шағын ауданның 3 мыңға жуық тұрғынын сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.