
«ЮНЕСКО» клубының Әубәкір Ысмайылов атындағы Шахтинск балалар көркемсурет мектебі альбом-кітап шығарды. «Шахтинск балалары өз әлемін бейнелейді» басылымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қаланың 60 жылдығына арналған.
Альбомда мектеп оқушыларының 34 жылдағы шығармашылық жұмыстары мен суреттері жинақталған. Бұл кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы композициялар. Жұмыстарды ең кішкентай тәрбиеленушілер де, түлектер де орындады.
– 200 бетте біздің қала, біздің еліміз, әлемді түсіну балалар көзімен көрсетілген, – дейді мектеп директоры Шахмұрат Әбдіғалықов. – Кітап «Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан» альбомдар сериясына кіреді. ЮНЕСКО аясындағы бұл халықаралық альбомдық серия 90-шы жылдардың басынан бастап жарық көрді.
Шахтинск көркемсурет мектебі Тәуелсіз Қазақстан тарихымен тығыз байланысты. Оқу орны 1987 жылы құрылған.
– Кең жарық сыныптарда бүгінде 6 жастан 18 жасқа дейінгі 400 бала оқиды. Балаларға 20 кәсіби педагог сабақ береді. Олар негізінен туған жеріне оралған мектеп түлектері, – дейді Шахмұрат Әбдіғалықов.
Мектеп бастауыш көркемдік білім береді. Бұл өнер тарихы, сурет, кескіндеме, композиция, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, компьютерлік графика. Шаханда музыка мектебінің жанында филиалы ашылды. Сондай-ақ Новодолинский кентінде бөлімше ұйымдастыру жоспарда бар.