Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайын жөндеу тамыз айының соңында аяқталады

Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайын жөндеу тамыз айының соңында аяқталады

Жаңартылған Кеншілер мәдениет сарайы тамыз айында өз есігін айқара ашады. Сондай-ақ, Баймырза ауылындағы клуб пен Молодежный кентінің Мәдениет үйі күрделі жөндеуді күтуде. Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2020 жылға арналған жоспарлары мен атқарған жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте ведомство басшысы Еркебұлан Жұмақенов айтып берді.

Қарағанды облысында 600-ден астам мәдениет және архивтер нысандары бар. Пандемияға қарамастан, барлық мәдени мекемелер жұмысын тоқтатқан жоқ. Барлығы онлайн режимге көшті. Қызметкерлер халықаралық және республикалық байқауларға қатысуды жалғастырды.

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған "Рухани қазына – 2021" фестивалінде Қарағанды облысы жеті жүлделі орынға ие болды, - деп атап өтті қарағандылықтардың жетістігін Еркебұлан Жұмақенов.

Бүгінгі күні өңір аумағында 2 700 тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Олардың жиырма екісі республикалық мәртебеге ие. Бұл Жошы хан кесенесі, Беғазы қорымы, Қызылкент сарайы және т.б. Осы жылдың күзінде Талды археологиялық паркі ашылады. Абай тұрған Қарқаралыдағы үй реставрацияланады. Жезқазғандағы СтепЛАГ ғимаратын қайта жөндеуге қаражат бөлінді.

– 2020 жылы 96 мәдениет және мұрағат нысаны жөнделді, – деді Еркебұлан Жұмақенов. – Биыл Бұқар Жырау ауданы Баймырза ауылының клубында және Осакаров ауданы Молодежный кентінің мәдениет үйінде "Ауыл – ел бесігі" жобасы бойынша күрделі жөндеу жүргізіледі.

Мәдениет және өнер қызметкерлеріне көп көңіл бөлінеді. Биыл оларға 30 пәтер берілді. 2022 жылы тағы 40 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Алдағы уақытта тағы 150–200 пәтер бөлу керек.

Егер мәдени іс-шаралар туралы айтатын болсақ, онда оларды жүргізу эпидемиологиялық жағдайға байланысты болып отыр. Ал әзірше Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалі, Тәттімбет атындағы республикалық байқау және "Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет"онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жоспарланып отыр.