
Қазақстан Қарулы Күштері әскери полициясының бас басқармасы азаматтардан армиядағы оқиғалар туралы ақпарат қабылдауға арналған мобильді қосымшасы бар askeri-senim.kz сайтын әзірледі.
Пайдаланушылар әскери полиция органдарына жасалған немесе дайындалып жатқан кез келген құқық бұзушылық туралы, олардың жасалған орны мен уақытына қарамастан, электрондық форматта тікелей хабарлама жібере алады.
Сайтқа синхрондалған мобильді қосымша қоса беріледі. Ол барлық Android және IOS құрылғыларында орнатылады және жұмыс істейді. Қосымшаны askeri-senim.kz сайтынан жүктеп алуға болады.
Әскери полицияның Бас басқармасында мәлімдегендей, "Әскери сенім" жобасы әскерде құқық тәртібін қамтамасыз ету, хабарламаларды қабылдау, есепке алу және бақылау процесін автоматтандыру, құқық бұзушылық фактілеріне ден қоюдың сапасы мен жеделдігін арттыру және олардың алдын алу үшін жаңа ақпарат көздерін енгізу мақсатында әзірленді.
Жеке кабинетте пайдаланушы тағайындалған жауапты лауазымды тұлғамен құпия хат алмасуға, мәртебелер мен жауаптарды қадағалауға мүмкіндігі бар. Өтініштің мәртебесін өзгерту, жауапты лауазымды тұлғаны тағайындау және оның жауаптары туралы өзекті деректер электрондық поштаға келеді. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін жеке кабинетте диалогтарды іздеуге және іріктеуге болады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша