
Абай ауданының еріктілері Шерубай-Нұра су қоймасы жағажайының аумағын тазалады. Еріктілер мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен жағажайдан екі жүк көлікпен қоқыс шығарылды.
Топар кенті жағынан су қоймасының жағажайын жинау жыл сайын жүргізіледі. Оның тұрақты ұйымдастырушысы 23 жастағы Темірлан Кәкенов басқаратын "Жастар альянсы" қоғамдық бірлестігі болып табылады. Ол еріктілермен және ауданның жанашыр тұрғындарымен бірге әртүрлі экологиялық акциялар, оның ішінде сенбіліктер өткізеді.
– Су қоймасы жағажайының аумағын тазалау бойынша акция өткізу идеясы мектепте оқып жүргенімде пайда болды. Мен Топарда тұрамын, жасөспірім достарыммен жағажайға барамыз. Адамдардың қоқыс үйінділерін қалдырып кететінін көріп, біз жағажайды тазартуды шештік. Осылайша алғаш рет үлкен сенбілік ұйымдастырылды. Содан кейін бұл жыл сайынғы дәстүрге айналды. Білімім бойынша мен экологпын және егер қазір ештеңе жасамасақ, онда біз қоқысқа батып кететінімізді түсінемін. Осы маусымда үш үлкен сенбілік өткізілді. Соңғысында екі жүк көлігімен қоқыс шығардық, – деді Темірлан Кәкенов.
Сондай-ақ, Абай ауданының еріктілері жергілікті бұлақтың аумағын тазартуда. Жыл сайын олар қайнар көздің жанында жиналған ондаған қап қоқыс шығарады. Темірлан бұл акциялардың барлығы қысқа мерзімді нәтиже беретінін атап өтті.
– Балабақшадан бастап балалардың ой-санасына экологиялық мәдениетті сіңіру қажет. Балаларға қоқысты бөлек жинауға үйрету керек. Мектептерде экологияны оқыту және түрлі тренингтер өткізу қажет. Егер біздер, жастар қоқыс тастауды жалғастыратын болсақ, онда экологиялық апат болатынын түсінуіміз керек, – деп атап өтті Темірлан.