
Тоғыз жасар Нұрайым Сайдулла тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Теміртаулық оқушы алтын, күміс және қола жүлдені жеңіп алды.
– Мен үш түр бойынша қатыстым, – дейді чемпион. – Біріншісі – классикалық. Тоғыз тур болды, яғни тоғыз қатысушы. Олардың бәрін жеңдім. Екіншісі – рапид. Тоғыз раундтан алты раундта жеңіске жетіп, үшінші орынға ие болдым. Ал соңғысы – блиц-тоғыздан жеті жеңіске жеттім.
Бұл 5 жылдан бері ұлттық спорт түрімен айналысып келе жатқан Нұрайым үшін ең үлкен жетістік. Сонымен қатар, қыз бала Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағына ие.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте балалар Тоғызқұмалақ ойынын бірінші сыныптан бастап оқиды. Бұл спорт мектеп бағдарламасына енгізілген. Үйірме жетекшісі атап өткендей, тоғызқұмалақ ойыны ойлауды дамытып қана қоймай, математикалық есепті де үйретеді.
Ел чемпионатына Теміртаудан төрт спортшы қатысты. Олардың екеуі жүлдегер атанды.
etemirtau.kz