
Нұр-Сұлтан қаласының суретшісі Әйгерім Оспан Korshiler жобасын іске қосты және Қарағанды облысының тұрғындарына оны қолдауды ұсынады. Ол еріктілермен және оқушылармен бірге Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы №19 орта мектептің қабырғаларына сурет салды.
Korshiler жобасы 2018 жылы пайда болды. Ол қоршаған әлеммен, табиғатпен, адамдармен, оның ішінде көршілермен экологиялық және тату көршілік қарым-қатынасқа бағытталған.
– Ежелгі заманнан бері біздің мәдениетімізде көршілер өзара бір-біріне көмек пен қамқорлық жасаған. Үлкен қалада тұрып, біз бұл құндылықтарды жоғалтып барамыз және тығыз әлеуметтік байланыстың сиреп бара жатқанына куә болудамыз. Әдетте біз жақын адамдар және санаулы достарымызбен ғана байланыс орнатумен шектелеміз. Korshiler жобасы бізді қоршаған адамдарға мейірімді болуға және оларға көмектесуге бағыттайды. Атауының өзі көршілерге деген тілектестік қарым-қатынасты білдіреді, – дейді Әйгерім.
Суретші жобаны өз көршілерінен бастады. Ол оларға бір-бірімен танысуға және МИБ (меншік иелерінің бірлестігі) құруға көмектесті.
– Жоба аясында елордадағы төрт және Алматыдағы екі тұрғын үй кешенінің тұрғындары жалпы үй мәселелерін шеше алды: паркингті гидрооқшаулау, ауладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасыл желектерді отырғызу. Бірлескен жаттығулар және басқа да шаралар ұйымдастырылды. Біз Талдыкөл көлдерін сақтау бойынша іс-шараларға қатыстық. Korshiler жобасының командасы Artcom қоғамдық шығармашылық бірлестігінің суретшілерінен тұрды. Біз үлкен коммуникативті тәжірибе алдық. Бірақ пандемияға байланысты жоба тоқтап қалды. Бірақ, біз Korshiler project Instagram парақшасында тікелей эфирлер арқылы тұрғындармен байланыс орнаттық, – дейді Әйгерім.
Экология тақырыбы Korshiler жобасының тұжырымдамасымен үйлесімді түрде сабақтасады. Әйгерім және оның пікірлестері бірнеше рет көптеген экологиялық акцияларға қатысты, соның ішінде Кент үңгірлерін вандалдар жазуларынан тазартты. Жартастарды тазалауға атақты белсенді Марат Жыланбаев та қатысты.
– Біз жұмыс істеген жартастарға жақын жерде Талды ауылы орналасқан. Бұл – Марат Жыланбаевтың туған жері. №19 жергілікті мектептің директоры Мақсат аға жерлесін оқушылармен кездесуге шақырды, ал біз (еріктілер) қоса бардық. Мектепке барғаннан кейін мен сол оқу орны үшін бірдеңе жасағым келді, – деп бөлісті Әйгерім. – Қалаға оралғаннан кейін аукцион ұйымдастырып, онда ашық хаттарымды сатылымға шығардым. Достар және әріптестер олардың барлығын сатып алды. Сондай-ақ, біз мектеп қабырғасын бояуға арналған материалдарды сатып алуға қаражат жинауды аштық. Талдыға барып, онда оқушылармен бірге суреттердің семантикалық мазмұнын ойлап таптық, эскиздер жасадық, содан кейін оларды қабырғаға көшірдік.
Korshiler жобасының қатысушылары Талды мектебімен қарым-қатынасты одан әрі жалғастыруға ниетті. Болашақта олар бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындарымен танысып, олардың проблемалары туралы білгісі келеді.
– Біз белгілі бір әлеуметтік проблемаларға кезігіп, оларды шешуге көмектескен сайын, мен дұрыс бағытта келе жатқанымызды және игі іс жасайтынымызды түсінемін. Адамдар бір-біріне көмектесуі керек. Сондықтан мен Қарағанды облысының тұрғындарын біздің жобамызды қолдауға және айналадағыларға, көршілерге көмектесуге шақырамын, – деп қосты суретші Әйгерім Оспан. Ол Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Станок кескіндемесін оқыған, ал қазір түрлі жанрларда жұмыс істейді: кескіндеме, графика, фотоколлаж, бейне-арт, перформанс, әлеуметтік өнер.