Жәндіктер индустриясы: Теміртауда экзотикалық бизнестің негізін қалаушылар үлкен жоспарлар құруда

Жәндіктер индустриясы: Теміртауда экзотикалық бизнестің негізін қалаушылар үлкен жоспарлар құруда

Теміртауда "Экзотикалық жәндіктер" ерекше бизнес-жобасы жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында хобби отбасылық бизнеске айналды. Сергей мен Лидия Маляровтар қалалық саябақта Қазақстан мен басқа да елдердің жәндіктер әлемі ұсынылған көрме ашты.

Бала кезінен Сергей фауна тұрғындарын ұнатқан. Ол мектеп жасында жыланды қалай ұстап, үйге әкелгенін есіне алады. Бірақ хоббиімен байланысты емес мамандықты таңдаған. Он бес жыл металлургия зауытында жұмыс істеген. Содан кейін ол пәтерлерді жөндеумен айналысты.

Хоббиі қалды. Ол үйінде тарақандар, өрмекшілер, кесірткелер мен жыландардың үлкен коллекциясын жинаған.

Экзотикалық бизнес идеяны әйелі Лидия ұсынды. Кәсіпкерлікте ол да енді ғана бастаушы.

– Мен Астанадан Теміртауға келдім. Елордада шаштараз болып жұмыс істедім. Үш жыл бұрын мен Сергеймен таныстым және бірге тұруды шештік", – дейді Лидия Малярова. – Достарымыздан "Бастау бизнес" бағдарламасы туралы білдік. Курстарға жазылып, оқудан өттік. Бизнес-жобаны қорғап, грант алдық. Күйеуім оның коллекциясын әркім көре алатындай көрме ашуды армандады. Енді бұл біздің отбасылық ісіміз.

Ерекше идея, әрине, комиссияны таң қалдырды. Бірақ жоба бағаланды, мақұлданды. Ұсынылған ақшаға Маляровтар террариумдар мен үстелдер жасау үшін материалдар сатып алды. Оларды өздері жинап, залды безендірді.

Жаңа бастаған кәсіпкерлер оларға қолдау көрсеткені үшін ризалықтарын білдіруде. Мәдениет бөлімі арқылы "Восток" қалалық саябағының аумағында үй-жайларды жалға алу туралы келісімге қол жеткізілді.

Экспозицияда Қазақстанда өмір сүретін шаяндар мен геккон кесірткелерінің бірнеше түрі бар. Дала агамасы бар. Террариумдардың бірін жыртқыш қоңыздардың үлкен отбасы алды. Коллекция иесінің айтуынша, жасыл бақа Сәтбаевтан, су жыланы Жезқазғаннан әкелінген. Қола қоңыз Теміртау маңында жиналды.

Келушілер камуфляж шебері – таяқша қоңызды көре алады. Автомобиль-тарақандар бар.

Биыл Маляровтар Қызылқұм шөліне экспедицияға барып, коллекцияға бірнеше жаңа үлгілер жинап алып келді.

Жобаның іске қосылғанына бір жыл да толған жоқ, алайда оның негізін қалаушылар индустрия құруды көздеп отыр.

– Біз Қазақстандағы жәндіктер әлемінің байлығын көрсеткіміз келеді. Бұл балалар үшін де, ересектер үшін де пайдалы. Шетелдік туристер үшін де қызықты болады деп ойлаймын. Қарағандыда көрме павильонын ашамыз деп үміттенеміз. Біздің жобамыздың басқа да мүмкіндіктері бар – ғылыммен ынтымақтастық. Қарағанды университетімен серіктестік орнатуға үлкен ықылас бар. Студенттік тәжірибе үшін өз базамызды беруге дайынбыз. Бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға болар еді, – деп жоспарларымен бөлісті Сергей Маляров.