"Халық" қайырымдылық қоры Қарағанды облысының демеушілері мен еріктілерінің көмегімен дала өрттері болған Ұлытау ауданының отбасыларына 9 тонна азық-түлік таратты. Азық-түлік себеттері "Ел тірегі – Елбасы" акциясы аясында жеткізілді.
– "Ел тірегі — Елбасы" акциясы — бұл әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық бастама, оның аясында аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға жүйелі түрде азық-түлік көмегі көрсетіледі. Мұндай отбасылардың тізімін әкімдіктер ұсынады. Бұл жолы азық-түлік себеттерімен Ұлытау ауданының отбасылары да қамтамасыз етілді, — деп атап өтті ерікті және Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Рахымбек.
"Ел тірегі – Елбасы" акциясы бүкіл Қазақстан бойынша өткізіледі. "Халық" қайырымдылық қоры ірі компаниялардың қолдауымен миллион килограмнан астам азық-түлік таратты. Оларды 20 мың отбасы алды.
"Қарағанды облысында 7 500 отбасыға қолдау көрсетілді. Олардың әрқайсысына жалпы салмағы 50 келі болатын үш қораптан тұратын азық-түлік жиынтықтары жеткізілді. Себеттерде қажетті өнімдер бар", — деп толықтырды еріктілер.