Қазақстан педагогтары үшін тегін цифрлық курстар әзірленді

Қазақстан педагогтары үшін тегін цифрлық курстар әзірленді

ҚР Білім және ғылым министрлігінде оқытушыларға арналған тегін цифрлық курстар әзірленді. Олар 2 тамызда басталып, 31 қазанға дейін жалғасады. Онлайн-оқудан педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері де өте алады.

Курстың әрбір модулі бейне сабақтармен, дәрістермен, презентациялармен, сондай-ақ зерделенген материалды бекіту үшін интерактивті тапсырмалармен және тесттермен сүйемелденеді. Оқыту Білім және ғылым министрлігінің edu.kz платформасында жүргізіледі.

– Курстар Еуропалық білім қорымен бірлесіп әзірленді. ЕБҚ өкілдері мұғалімдерге цифрлық педагогиканы үйретеді және балаларға ақпаратты оңай меңгеру үшін бейнематериалдар жасау әдістері туралы айтып береді. Сондай-ақ, Microsoft Kazakhstan, Bilim Media Group және Kundelik оқыту аясында педагогтарға арналған бейнедәрістер әзірленді, – деп хабарлады ҚР БҒМ "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова.

Қазақстандық педагогтар білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізу бойынша Финляндия мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерттейді. Педагогтарға цифрлық білім беру технологияларын пайдалана отырып, сабақты жобалау әдістемелеріне, ActivStudio, Pictochart, Jamboard, Prezi, Flippity сияқты цифрлық бағдарламалармен жұмыс істеуге үйретіледі.

ҚР БҒМ қосымша білім беру педагогтары үшін тегін курстар ұйымдастырды. Бүгінгі таңда екі мыңға жуық педагог біліктілігін арттырудан өтті. Олар үшін жетекші ғалымдардан, оқытушылардан және практик-педагогтардан арнайы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша