Инновациялық білім беру бағдарламалары: Қарағанды университеті цифрлы аэрофототүсірілімге үйретеді

Инновациялық білім беру бағдарламалары: Қарағанды университеті цифрлы аэрофототүсірілімге үйретеді

600-ден астам жаңа және 100-ге жуық инновациялық білім беру бағдарламаларын ҚР БҒМ ведомстволық бағынысты мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары енгізді. Бұл өткен екі жылда болды.

Жаңаларына ЖОО-да бұрын кадрлар даярлау жүзеге асырылмаған бағдарламалар жатады. Ал инновациялық жобалар университетте алғаш рет енгізілуде, бұл ретте олард ың елімізде баламасы жоқ.

Жаңа білім беру бағдарламаларының басым бөлігі "Педагогикалық ғылымдар" (20%), "Бизнес, басқару және құқық" (18%) және "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" (16%) бағыттары бойынша ашылды. Мұндай үрдіс педагогтардың мәртебесін арттырумен және ел экономикасының өңдеуші және құрылыс салаларын дамытуға сұраныспен байланысты.

Мысалы, Қарағанды техникалық университетінде 2019 жылдан бастап жеті жаңа білім беру бағдарламасы бойынша цифрлық өндіріс үшін мамандар даярлау жүргізілуде. Бұл "Машина жасаудағы цифрлық технологиялар", "Басқарудың кіріктірілген цифрлық жүйелері", "Тау-кен кәсіпорындары мен жерасты құрылыстарын салу", "Цифрлық аэрофототүсірілім", "Тамақ биоиндустриясы", "IT-медицина" және "Жерді қашықтықтан зондтау".

– Қазір біз білім сапасына деген сұранысты күшейтудеміз. Енгізіліп жатқан бағдарламалар жұмыс берушілермен бірлесіп, олардың мамандарға қоятын талаптары мен сұраныстарын ескере отырып әзірленген, – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары қолданыстағы бағдарламалардың 40%-дан астамын жаңартты. Оларға жаңа пәндер мен тәжірибеге бағытталған курстар енгізілген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша