
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 16 шілдеден басталады. Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау үшін ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейтін болады. Консультациялар бейне байланыс арқылы өтеді.
Байқауға 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің бірімен оқуға түсушілер қатыса алады.
Өтініш берген кезде талапкерлерге аттестаттың, аттестатқа қосымшаның электрондық көшірмелерін және электрондық құжат нысанындағы көлемі 3×4 сандық фотосуретті, сондай-ақ басқа да растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беру қажет.
Егер талапкер "Алтын белгі" иегері болса немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталса, онда ол баллдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарында да осындай артықшылық бар. Мұндай жетістіктерді ескеру үшін растайтын құжаттардың көшірмелерін тіркеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші халықаралық тіл сертификатының атауын, балын көрсетеді және оның электрондық нұсқасын тіркейді.
Биыл ҚР БҒМ алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді. Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлер грант алу мүмкіндігіне ие болады.
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балаларға гранттардың жалпы санының 5%-ы, осы мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасылардан шыққан балаларға - 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға білім беру гранттарының 1%-ы көзделген.
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарында грантқа үміткер бола алады. "Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" − кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына - кемінде 50 балл. Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде бес балл жинау қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша