«Сапфир» операциясы: уран қауіптілігінен құтылу

«Сапфир» операциясы: уран қауіптілігінен құтылу

«Қазақстан Тәуелсіздігі туралы 100 әңгіме» кітабынан

Владимир БОЖКО, мемлекет қайраткері, ҰҚК генерал-лейтенанты

Халықтың еркіне сүйене отырып, 1991 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Бұл ядролық қарусызданудың әлемдік тәжірибесіндегі алғашқы және ерекше жағдай болды. Қазақстанның бұл қадамы ғаламшардағы ядролық қатерді қысқартудың жаһандық процесіне елеулі үлес қосты.

1992 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылып, біздің еліміз ядросыз мемлекет ретінде халықаралық қауіпсіздік саласында өз бастамаларын ұсыну үшін жоғары бедел мен моральдық құқыққа ие болды.

Семей полигоны жабылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев елдегі сыртқы саяси жағдай мен ішкі әлеуметтік жағдайды ескере отырып, Қазақстаннан ядролық оқтұмсықтар мен зымырандарды шығару, олардың инфрақұрылымын біртіндеп жою туралы шешім қабылдады.

Сол кездегі өткен оқиғалар қатарында Үлбі металлургия зауытының аумағынан ядролық отын шығару бойынша «Сапфир» арнайы құпия операциясы есімде. Жоба Қазақстан мен АҚШ президенттерінің басшылығымен жүзеге асырылды.

Ядролық қаруды жасау процесі ғылыми-зерттеу зертханалары, реакторлар, өндірістік объектілер және т. б. түрінде қолдаудың тармақталған инфрақұрылымын талап ететіні белгілі. Осындай нысандардың бірі Шығыс Қазақстандағы Үлбі металлургиялық зауыты болды. 1990-шы жылдардың басында осы зауыттың қоймаларында 600 килограмм жоғары байытылған уран сақталды, сарапшылардың пікірінше, олардан жиырма шақты ядролық бомба жасауға болады. Бұл уран ядролық суасты реакторларына арналған. Алайда, ХХ ғасырдың 1980 жылдары құпия жоба тоқтатылды. Қауіпті шикізат Үлбі металлургия зауытында сақталды.

Бұрын КСРО ядролық өнеркәсіптің ең озық өндірушілерінің бірі болған. Оның кеңістігінде көптеген қару-жарақ арсеналы шығарылды және сақталды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін посткеңестік кеңістіктегі шет мемлекеттердің арнайы қызметтерінің қызметі жанданды. Қазақстан да солардың қатарында еді.

Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуын және уран қоймаларын қорғау жөніндегі шығындарды, сондай-ақ Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де қауіпті екенін ескере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл уранды АҚШ-қа сатуға шешім қабылдады.

Шартқа сәйкес Қазақстанға жоғары байытылған уранды тасымалдау бойынша америкалық мамандар келді. Бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде арнайы канистрлерге орналастырылған жаппай қырып-жоятын қаруға арналған материалдар еліміздің аумағынан әскери-көлік ұшақтарымен шығарылды.

Осыдан кейін 1995 жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, өлім тарататын соңғы оқтұмсықтар республика аумағынан шығарылғанын мәлімдеді.

Тасымалдау мүмкін болмағандықтан, соңғы ядролық заряд бұрынғы Семей ядролық полигонында ресейлік және қазақстандық жоюшылардың күшімен жойылды.

Осылайша, Қазақстаннан халықаралық атом қызбасының жүгі алып тасталды.

kazinform.kz