Қарағандыда профессор Сұлтан Досмағамбетовтың бюсті орнатылды

Қарағандыда профессор Сұлтан Досмағамбетовтың бюсті орнатылды

Қарағандыда Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіндегі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Сұлтан Досмағамбетовтың бюсті орнатылды. Көрнекті ғалым және қоғам қайраткері туралы естелік Абай көшесіндегі саябақтан орын тапты.

Ашылу салтанатында Сұлтан Досмағамбетов туралы көптеген жылы сөздер айтылды. Оның замандастары естеліктерімен бөлісті.

– Біздің отбасымыз ұзақ жылдар бойы дос болды. Ғалымның ұлы парызын орындап, әкесіне құрмет көрсетті деп есептеймін, – дейді отбасының досы Күләш Түсіпбекова. – Бұл монументалды жоба. Қалаға осындай керемет сыйлық. Сұлтан Қапарұлының арамыздан кеткеніне бес жылдан астам уақыт өтті, бірақ ол өзінен кейін үлкен мұра қалдырды.

Іс-шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

– Сұлтан Досмағамбетовтің өңірдің және қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан үлесі баға жетпес. Еліміздің тарихындағы рөлі ерекше. Ол әлемдік деңгейдегі қалалардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылысына қатысты. Тіпті қазір оның бюсті өзі жұмыс істеген кабинеттің терезелерінен көрініп тұруы да бекерден емес. Ол баршамызға өз Отанымызға шексіз қызмет етуімізді еске салып отырады, – деді өңір басшысы.

Сұлтан Досмағамбетовтың ұлы Ерлан құрметті қонақ болды. Ол тек қала үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін де көп жұмыс жасаған қарағандылықтар туралы естеліктерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз өткен ғасырда өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қалыптастырғандарға құрмет көрсетеміз, – деп атап өтті ол. – Менің әкеме ескерткіш орнатуға және ашуға қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Мен бүгін сезінген эмоцияларымды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Бюстті дайындап, орнатуға шамамен бір жыл кетті. Авторы - Ресейдің жетекші мүсіншілерінің бірі - Александр Ткачук. Мүсіндік бейне қоладан құйылған. Оның биіктігі шамамен төрт метрді құрайды. Тұғыр салмағы 9 тонна, ол үш гранит монолиттен тұрады. Бюст отбасы қаражатына салынған.

– Тұғырдың және алаңның жобасын Красноярск мамандары дайындады. Бюст Екатеринбургте құйыллы. Бұл мінсіз құюдың тұтас түрі, – деп түсіндіреді жоба жетекшісі Владимир Проценко. – Бұдан басқа, қола түстес бюст керемет асыл реңк шашады. Тұғыр Алматыда тұтас граниттен жасалған. Бұл ескерткіш мүсіндік құрылым қандай болуы керектігінің стандарт үлгісі. Бюст ғасырлар бойы сақталатындай етіліп жасалған және оны әлемнің кез-келген қаласында орнату ерекше мәртебе саналады.

Сұлтан Досмағамбетов 1928 жылы 1 қыркүйекте дүниеге келген. Көп жылдар бойы партиялық және мемлекеттік органдарда еңбек етті. Мемлекеттік басқаруды құруға және дамытуға елеулі үлес қосты.

Сұлтан Досмағамбетов білім беру жүйесі үшін де айтарлықтай еңбек етті. Тау-кен институты (қазіргі техникалық университет) кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді, педагогикалық институттың ректоры қызметін атқарды.

Оның есімі Қазақстанның ғылыми орталарында кеңінен танымал. Сұлтан Досмағамбетов "Еуразия" Халықаралық экономикалық академиясының академигі, ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, еліміздің білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері атағына ие.

Өмір бойы ол экономика, педагогика және құқық бойынша 200-ден астам ғылыми еңбек дайындады.

Көп жылғы адал еңбегі үшін "Ленин", "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі", "Құрмет" ордендерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің көптеген медальдарымен, төсбелгілерімен және алғыс хаттарымен марапатталған.