Арсенал тағдыры – Қазақстанның қолында

Арсенал тағдыры – Қазақстанның қолында

«Қазақстан Тәуелсіздігі туралы 100 әңгіме» кітабынан

Мұрат ЛАУМУЛИН, саяси ғылымдар докторы, тарихшы, ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша сарапшы

Семей полигонын жабу жөніндегі жауапты шешімді өзіне ала отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев, бейнелеп айтқанда, партбилеті және саяси болашағын қатерге тікті. Егер бұл жағдай 10-15 жыл бұрын болған болса, онда басы да кетер еді. Бірақ бұл бір буырқанған дәуір еді, Мәскеу республикаларға бақылау жасауды жоғалтқан, сөйтіп әр көшбасшының іс жүзінде дербес шешімдер қабылдауына тура келетін.

Сол кезде қазақстандық арсеналдың тағдырына ірі геосаяси күш орталықтары қызығушылық танытты. 1991 жылдың күзінде сол кездегі «жартылай тәуелсіз» Қазақстанның басшылығы америкалық тараппен өте тығыз, қарқынды байланысқа ие болды. Республикаға АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Роуз Гетемюллер (орыс тілінде жетік сөйлейтін ол кейін НАТО Бас хатшысының орынбасары болады) және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келді. Бұл келіссөздерде бірінші кезекте Қазақстан аумағындағы кеңестік ядролық қарудың тағдыры туралы сөз болды.

Сосын, КСРО ыдырай салысымен, 1991 жылғы 30 желтоқсанда Алматыға күтпеген қонақ – Палестина көшбасшысы Ясир Арафат келді. Ол Қытайдан ұшып кетіп бара жатып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу үшін Алматыға арнайы қонады. Оның мақсаты араб ұлттары мен мұсылман әлемі атынан ядролық қаруды біздің елде қалдыруға Қазақстанды көндіру болды. Арафат қазақстандық ядролық арсенал – бұл бүкіл әлемдегі мұсылмандарға Алланың сыйы, террористерден, америкалықтардан және бүкіл Батыстан қорғайтын қалқан деп сендіруге тырысты. Егер жас Қазақстанға бұл сый үшін ақша қажет болса, Ливия басшысы Муаммар Каддафи еш сараңдық танытпауға әзір екен.

Дипломатиялық әдеппен бас тартылғаннан кейін Арафат құр қол қайтты. Тарихтың одан әрі дамуы Каддафи екеуі ұсынған Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың қарама-қайшылықты «моделінің» тығырықты екендігін дәлелдеді. Ядролық қарудан бас тарта отырып Қазақстан Таяу Шығыстан келетін бір реттік транштан әлдеқайда көп байлыққа ие болды. Біздің елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен алғашқы миллиардтаған инвестициялар келе бастады, жаңа сенімді серіктестер пайда болды, сондай-ақ «Ядролық клубтың» барлық негізгі мүшелері Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін берді.

Кеңестік «өзара жою» тұжырымдамасынан бас тартып, әрі әйгілі «зұлымдық өзегінен» барынша алыстаған Қазақстан бейбіт қатар өмір сүрудің өзіндік моделіне көшті. Бұл тәуелсіздік таңы атқан шақта еліміздің аман қалуы үшін Нұрсұлтан Назарбаев жауап беруі тиіс іргелі мәселелердің бірі еді.

kazinform.kz