Марат Ахметжанов: "Цифрландыру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту кепілі"

Марат Ахметжанов: "Цифрландыру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту кепілі"

Қарағанды облысында "Адал мердігер" пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл ақпараттық жүйе тапсырыс берушілерге бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді, ал мердігерлерді өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауға ынталандырады. Жоба ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа өңірге жұмыс сапары кезінде таныстырылды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге Агенттік басшысы Senim 109 бірыңғай үйлестіру орталығында болды. Қызмет тәулік бойы мемлекеттік органдар мен коммуналдық ұйымдарға қатысты облыс тұрғындарының шағымдары мен мәселелерін қабылдайды. Жоба 300-ден астам мекемені қамтыды. Жұмыс барысында мұнда 200 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

Бүгінде облыста іске асырылып жатқан сараптамалық кейстердің ішінде "Жолдарды жөндеу" ақпараттық жүйесі өзін табысты көрсете білді. Оның негізінде "Адал мердігер" пилоттық жобасы іске қосылады. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету және жұмыстарды жеткізушілер туралы толық ақпарат алу.

– Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын қолдануымыз керек, – деп атап өтті Марат Ахметжанов. – Кез келген өтініштер мен шағымдар – қоғам жағдайының көрсеткіші. Одан қорқудың қажеті жоқ. 31 мамырда үкіметтің жобалық басқару туралы қаулысына қол қойылды, сондықтан "Адал мердігер" жобасы алға қарай жылжудың маңызды қадамы болып табылады. Мемлекет халыққа және бизнеске сапалы қызмет көрсетуі тиіс, бірақ бизнес те мемлекет алдындағы өз міндеттерін сақтауы тиіс. Егер жоба өзінің өміршеңдігін көрсетсе, онда ол бүкіл республика бойынша іске асырылатын болады.

Сапар барысында облыстық және экономикалық соттардың жұмыс жағдайлары қаралды. Келушілерге ыңғайлы болу үшін облыстық сотта фронт-кеңсе ашылды. "Сот кабинетін" еркін пайдалануға арналған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы бар.

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Марат Ахметжановқа студенттер мен қызметкерлерге қызмет көрсету орталығына экскурсия жүргізілді. Содан кейін Агенттік басшысы профессорлық-оқытушылық құраммен кездесті.

– Қарағанды – кадрлар ұстаханасы. Біздің университеттерде Болашақ басқарушылар, кәсіпкерлер, қызметшілер білім алуда, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Жалпы, тәуелсіздік жылдары сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік танытатын адамдар буыны өсті.

Әңгіме барысында халықпен ашық өзара іс-қимыл жасау ғана сыбайлас жемқорлықты жоюға және адамдардың мемлекеттік органдардың жұмысына сенімін қайтаруға мүмкіндік беретіні туралы айтылды. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін зерттеуші ғалымдар мен сот жүйесі практиктерінің күштерін біріктіру қажеттігі айтылды. Пара берудің қажеті болмас үшін барабар нормативтік-құқықтық база қажет.

Сапар соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Antikor ortalygy жұмысымен танысты, сондай-ақ ведомствоның жеке құрамымен кездесті.