
Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары үшін жыл сайынғы "Туған елге тағзым" зерттеу-өлкетану экспедициясы өтті. Оған былтырғы "Туған елге тағзым" республикалық байқауының жеңімпаздары қатысты.
Қарағандылық NIS-тен экспедицияға Камила Тазабекова, Асылхан Онбаев, Сабина Балтина, Нариман Ақберген барды.
Он күн бойы оқушылар Алматы өңірінің мәдени және тарихи орындарын зерттеді. Мемлекеттік мұражайларда, ғылыми орталықтарда және танымал туристік нысандарда болды.
– Біз қаланың тарихы, Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан көрнекті адамдардың өмірі туралы көп мағлұмат алдық. Тарихи орындарды аралай отырып, сол кездегі керемет атмосфераны сезіне алдық, – деп бөлісті Қарағандының NIS жетінші сынып оқушысы Камила Тазабекова.
"Туған елге тағзым" экспедициясының соңында қатысушылар тоғыз бағыт бойынша: тарихи, мәдени мұра, табиғи-қорық нысаны, өңірдің инновациялық-өнеркәсіптік дамуы, экологиялық проблемаларды шешу, әлеуметтік стартап-жоба, әлеуметтік жоба, эссе, сондай-ақ "Шабыт" номинациясы бойынша жобалар дайындайды.
Оқушылар туған өлкесін зерттеуге және проблемаларын шешу жолдарын іздеуге бағытталған өздерінің ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстарын қашықтықтан өтетін желілік конкурста ұсынады, нәтижесінде экспедиция ауыспалы кубогының жаңа иегері анықталады.