«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Шахтинск қаласының 60 жылдығын мерекелеуге өз үлесін қоспақ. Шаһардың мерейтойына орай тұрғындарға жаңартылған саябақ сыйға тартылады.
Компания әлеуметтік әріптестік қағидаттарын берік ұстанады. Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир қол қойды.
– Іс жүзінде компанияның өмірімен төрт қала – Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск өмір сүреді, ал бұл облыс халқының 23%-ы, – деп атап өтті өңір басшысы, - сондықтан оның рөлі зор. Біз бірінші кезекте АМТ-ның тұрақты жұмыс істеуіне мүдделіміз, себебі бұл жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді.
Келісімге сәйкес, Шахтинск қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағын абаттандыру мен қалпына келтіруге 250 миллион теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа жарықтандыру жасалады, төсемдер ауыстырылады. Сондай-ақ балалар ойын және спорт алаңдары салынып, аттракциондар мен шағын сәулет нысандары орнатылады.
– Біздің компания қоғамға жақын болуы тиіс. Маусым айының басында Шахтинск қаласына барған кезде саябақты абаттандыру қажет екенін білдім, сондықтан оны қайта құруға қатысу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте біз әлеуметтік саланы дамытуға көбірек ақша салатын боламыз, – деді Биджу Наир.
ТМД бойынша «АрселорМиттал» компаниялар тобының директоры Гоял Виджай мәлімдегендей, компания жыл сайын өңірдің әлеуметтік саласына миллиард теңге инвестициялайтын болады.
АМТ сондай-ақ екі ЖОО-мен компания кадрларын даярлау, қайта даярлау және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша ынтымақтастық туралы төрт жылдық меморандум жасасты. Олар Қарағанды индустриалдық университеті және Қарағанды техникалық университеті. Оқу ордалары басшыларының айтуынша, құжат 400–500 студенттің тағдырына оң әсер етеді. Компания мамандарды оқытуға 800 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсайды.
– Біз үшін кері байланыс өте маңызды, себебі университеттер жай ғана жұмыс істей алмайды. АМТ үшін мамандарды оқыту мен даярлаудың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу басты бағыттардың бірі болады, – деп атап өтті Қарағанды индустриялық университетінің ректоры Болатбек Әбдірәсілов. – Жаңа кәсіптер атласы аясында АМТ сарапшылары бізге қандай мамандар қажет екенін, қандай білім, білік және дағдыға ие болу керектігін айтады деп үміттенеміз.