
Қарағанды облысының Нұра ауданында Кәрім Мыңбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте көрнекті ғалым әрі педагогтың 115 жылдығына орай мемориалдық тақта ашылды.
Жапсырмасы бар мемориалдық тақта мектеп әкімшілігінің бастамасы бойынша тапсырыспен жасалған. Мектепке бұрынғы түлек Қазбек Смайылов демеушілік көрсетті.
– Біздің мектепте Кәрім Мыңбаевтың мұражайы бар, онда оның еңбектері, жеке заттары және т. б. сақталған. Ол біздің ауданның тумасы. Оқушылар онда түрлі іс-шаралар өткізеді. Бірақ мектепте мемориалдық тақта болған жоқ. Жақында демеушілік көмектің арқасында мемориалдық тақтаны аштық. Бұл біздің мектебіміз үшін үлкен оқиға және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Кәрім Мыңбаевтың туғанына 115 жыл толуына арналған үлкен сыйлық, – деп атап өтті мектеп директоры Нүркен Шахметов.
Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті. Оған тек мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
– Тамызда Кәрім Мыңбаевтың туғанына 115 жыл толады. Тамыз айына бізде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, дөңгелек үстел өткізгіміз келеді, – деді Нүркен Шахметов.