
Шілденің бірінші жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Сал домбыра, Сарыарқа» атты челленджінің екінші маусымы басталғанын хабарлайды.
Шараға кәсіби мамандар да, жаңадан келген домбыра әуесқойлары да қатыса алады.
Қатысу шарттары қарапайым: музыкалық аспапта күй орындап отырған немесе домбырамен ән айтып бейне ролик түсіріп, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде #karlibkz, #dombyrakrg, #dombyrakarlib хэштегтерімен жариялау қажет.
Челлендж 28 маусымда басталып, 3 шілдеге дейін жалғасады. Қорытынды 3 шілде күні сағат 15:00-де кітапхананың Instagram-дағы @karlib_kz парақшасында мәлім болады.
Барлық бейнероликтер кейіннен кітапхананың әлеуметтік желілерінде жарияланатын болады.
– Өткен жылы біздің челленджге 100 адам қатысты. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық қазақ музыкалық аспабы – домбыраны дәріптеу және қазақ фольклорына деген қызығушылықты арттыру, – деді кітапхана басшысының орынбасары Гаухар Үмбединова.