Қарағанды облысында 200-ге жуық сәйгүлік бәйгеге қатысты

Қарағанды облысында 200-ге жуық сәйгүлік бәйгеге қатысты

Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігнінің 30 жылдығына және Елорда күніне арналған ат жарысы бойынша ашық облыстық турнир өтті. 200-ге жуық жылқы 4 шақырымнан 25 шақырымға дейінгі аралықта өзара жарысты.

– Жылқы – қазақ халқының игілігі. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында ат спорты қайта жандануда, таяуда ғана біздің команда көкпардан Қазақстан чемпионатында екінші орын алды. Бұл жарыстар болашақ ипподром аумағында өтуде. Бұдан былай мұнда көптеген ат жарыстары өткізіледі, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Жарыс төрт қашықтық бойынша өткізілді:

- тай жарыс – 4 шақырым;

- құнан жарыс – 10 шақырым;

- топ бәйге – 15 шақырым;

- аламан бәйге – 25 шақырым.

Жарыстың ең қиын кезеңінде бірінші орынды Алматы облысының Мамай – Қара атты тұлпары жеңіп алды. Жеңіс үшін басты жүлде автокөлік болды.

Жылқы иесі Секенай Бөбекбайдың айтуынша, төрт жасар жылқының бұл алғашқы жарысы. Оны күзден бастап ат жарысына дайындаған. Шабандоз 12 жасар Байхал Асанқұлов болды.

– Бұл менің осы жылқымен алғашқы жарысым. Жылқыны сезіне білу керек, жарыс кезінде оның күшін сақтау қажет. Мен алдымен баяу жүрдім, содан кейін қарсыластарымды қуып жетіп, алға қарай шаптым. Бұл тактика. Мен 9 жасымнан бері осындай жарыстарға қатысып келемін. Әкем маған атқа мінуді үйретті. Үш жыл ішінде бұл жылқылармен бірге жеңіп алған бесінші көлік. Болашақта Секенай аға сияқты жаттықтырушы болғым келеді, сондай-ақ осындай жарыстарға қатысу үшін өзіме жылқы сатып алуды армандаймын, – деп бөлісті Байхал.

Топ бәйгеде Қарағанды облысынан келген Ботагөз жылқысы үздік атанды. Жамбыл облысынан келген Құралай құнан-жарыста бірінші орын алды. Тай жарыстағы барлық жүлделі орындарды қарағандылық жылқылар иеленді. Бірінші орын Нұра ауданынан Нұрақасқа болса, екінші және үшінші орын Жаңаарқа ауданынан Ақбота мен Аққоянға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының демеушілігімен Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдарымен, медальдарымен және кубоктарымен, сондай-ақ ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.