
Балқашта жылу желілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар басталады. Қалада бес шақырымнан астам құбыр ауыстырылады.
Реконструкциялау жобасын іске асыруға ақшаның бір бөлігі республикалық бюджеттен бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жақында конкурстық рәсімдер аяқталды.
«50 жыл ішінде алғаш рет Балқашта жылу желілерін қайта құруды бастаймыз. Олар 1961–1962 жылдары пайдалануға берілген. Жылыту маусымы кезінде құбырлардың тозуына байланысты 300-ден астам түрлі апаттар болды. Құбырлардың қатты тозуы жылу шығындарының жоғары деңгейіне әкелді. Тұрғындардың 20%-ға жуығы сапалы жылу ала алмай, ыстық суға зәру болды», – деп атап өтті Балқаш әкімдігінде.
Жұмыстар Желтоқсан көшесі – Әлімжанов және Әбуғалиев көшелерінің аралығындағы магистральдық құбырды ауыстырудан басталады. Желілерді ауыстырумен қатар құбырлардың диаметрі 630 мм-ден 720 мм-ге дейін кеңейтілетін болады.
Қайта құруды бастау үшін аталмыш учаске кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы жерде келесі жылы қалалық жағалауды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоба бұрын қала тұрғындарына таныстырылған болатын және қазір ашық дереккөздерде қолжетімді.