
Талды тарихи-археологиялық паркіне экспедицияны өнірлік "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі және Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" арнайы жобасы аясында ұйымдастырды.
Археологиялық экспедицияға Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназияның, Әлімхан Ермеков атындағы №103 мектеп-лицейдің, Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектептің 8-9 сынып оқушылары мен Н. В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкерлері қатысты.
– Біз кейінгі қола дәуірі мен ерте темір ғасырының 40-тан астам ғимараты бар Қаражартас қорымында болдық. Сондай-ақ Қаражартас-2, пирамидалар, Талды, Ақбауыр, Бада қорымдарын араладық. Өз көзімізбен археологтар қазба жұмыстарын қалай жүргізетінін, қандай жағдайда өмір сүретінін көріп қайттық. Маған өте ұнады. Әсіресе Ақкезен қонысы. Археологтар бұл жерде тағы да көптеген жаңалықтар ашатынына сенімдімін, – деп өз әсерімен бөлісті Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Ақерке Әбубәкір.
Оқушыларды ертіп келген мұғалімдер де көптеген тамаша әсер алғандарын жеткізді. Олар мұндай экспедициялар балаларға тек пайда әкелетініне сенімді.
– Жүз рет естігеннен гөрі бәрін өз көзімізбен бір рет көргеніміз жақсы. Менің шәкірттерім қатты қуанды, өйткені бұрын Талды саябағы мен оның киелі жерлерінің ауқымын елестетіп көрмеген. Мұның бәрі біздің облыс аумағында. Олар мұндай экскурсиялар гаджеттерде уақыт өткізгеннен әлдеқайда пайдалы екенін мойындады. Біз экспедицияны ұйымдастырушылар – "Рухани жаңғыру" өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұловқа және мәдениет басқармасына алғысымызды білдіреміз. Болашақта балалар көрген және алған ақпараттары негізінде жобалар дайындайды, – деп атап өтті Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Айзада Әбдікәрімова.
Экспедиция ұйымдастырушылары оқушыларға арналған мұндай турлар жалғасады деп уәде береді. Келесі сапар шілде айына жоспарланған.