Қарағанды облысында су тасқыны шыңына жетті

Қарағанды облысында су тасқыны шыңына жетті

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов су тасқыны кезеңіндегі ең мәселелі орындарды аралады.

Аймақ басшысы Садовое ауылында болды, ауыл тұрғындары эвакуацияланған болатын. Су ағызу мөлшері ұлғайтылған Самарқанд су қоймасында болды. Жылжымалы командалық штабта Ғ. Мұстафин атындағы ауылда облыс әкімі отырыс өткізді.
Ерлан Қошанов су қоймаларынан су ағызуды реттеу және олардың деңгейін сақтау бойынша тапсырма берді. Бұл су тасқынының жағымсыз салдарын болдырмауға мүмкіндік береді. Облыс әкімі эвакуацияланғандардың барлығына қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
«Бүгін күннің жылынуына байланысты Қарағанды облысында су тасқыны жағдайы күрделі. Үлкен су ағыны сақталуда. Негізгі Нұра мен Шерубай-Нұра өзендері тасуда, - деді облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов. – Бүгін-ертең су тасқыны шыңына жетеді деп ойлаймыз. Содан кейін өзендердегі су деңгейі төмендейді деп күтілуде. Екі күннен кейін су тасқыны басылады. Келер аптада эвакуацияланған адамдар үйлеріне қайтады деп ойлаймын».
Жақын маңдағы ауылдарды су басуды болдырмау үшін Шерубай-Нұра мен Самарқанд су қоймасынан су ағызу көлемі ұлғайтылды.
Садовое ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге кеөшіріліп, жергілік полицияның бекеті қойылды. Кіреберісте ТЖД қызметкерлері кезешілік етуде.
«Сарытөбе ауылында 6 үйді су басты. Садовое ауылында су үйлерге кірмеген, бірақ 9 ауланың аумағына жайылған, - деді Андрей Ляпунов. – Адам шығынына, қайғылы жағдайдың орын алуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылданды. Биыл су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру барысында облыстың ТЖД күші мен техникасы тартылып отыр. Ұлттық ұлан жауынгерлері әрбір елді мекенде ыдыс-қаптар, бөгеттер қоюға атсалысады».
Облыс әкімі сондай-ақ, су басу қаупі бар Қарағанды-Павлодар тасжолын көріп қайтты. Ол су өткізу құдықтарын қарады.
Аймақта су көп, су тасқыны жағдайы бақылауға алынды. Аймақ басшысы жағдайды тәулік бойы бақылайды.