
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында Beautiful Art шығармашылық студиясының көрмесі ашылды. Онда жас суретшілер дайындаған 91 жұмыс ұсынылған.
– Бұл әр бала үшін жеке көрме деп санауға болады. Балалардың туындыларын қала тұрғындары мен қонақтары көреді. Баршаңызға шығармашылық рухыңыздың шарықтауын тілеймін, – деді бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева.
Beautiful Art шығармашылық студиясының жетекшісі Дмитрий Кецманның айтуынша, бұл оның студиясының алғашқы көрмесі.
– Бізде жас балалар студиясы бар. Мен оны өткен жылы ұйымдастырдым. Студияға үш жастан бастап балаларды қабылдаймыз. Жас суретшілер натюрморттарды, флористиканы, жануарларды жақсы көреді. Бір сөзбен айтқанда, көрмеде түрлі жанрдағы жұмыстар ұсынылған. Бізде жақсы маринистер де бар, – деді Дмитрий Кецман. – Бүгін оқушыларымның ерекше күні. Олар көрермендердің керемет өнерден ләззат алып, әлемді өз көздерімен көруі үшін көп күш жұмсады.
Балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушісі Дәурен Рахымов жеті жаста. Ол төрт жыл бойы сурет салумен айналысады.
– Бүгінде менің 11 жұмысым бар. Бұл көрмеде менің "Балық", "Анар" сияқты суреттерім ұсынылған. Мен сурет салғанды ұнатамын. Мен суретші болғым келеді, – деп бөлісті Дәурен.
– Ал мен сурет салумен бір жарым жыл айналысамын. Жануарларды бейнелегенді ұнатамын. Мұнда менің екі жұмысым қойылған. Біреуінде киттер, ал екіншісінде ақ жолбарыс бейнеленген. Болашақта жеке көрме ұйымдастыруды армандаймын, – дейді он үш жасар Милена Сургутанова.
Экспозиция 27 маусымға дейін жалғасады.