Қарағанды полицейлері балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретуде

Қарағанды полицейлері балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретуде

Әр сенбі сайын қарағандылық полицейлер Орталық мәдениет және демалыс саябағында балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретпек. Алғашқы оқыту курсы өткен демалыс күндері өтті. 

Қарағанды облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері орталық мәдениет және демалыс саябағында балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша акция өткізді. Оқу барысында полицейлер балаларға зебра бойымен жолды қалай дұрыс өту керектігін, велосипед, скутер, самокатты жол жүру ережелерін бұзбай қалай пайдалану керектігін көрсетті.

– Орталық мәдениет және демалыс саябағында біз көшелермен, жол белгілерімен жабдықталған және жол қозғалысын реттеушісі бар шағын автодром ұйымдастырдық. Балалардың басты міндеті – көше бойымен белгілі бір маршрутты бұзбай өту. Реттеуші сигнал берді, ал балалар, жол қозғалысына қатысушылар нақты уақыт режимінде жолдан өтті – кім скутермен, басқалары велосипедпен, кейбірі жаяу. Сондықтан біз оларға жолда қауіпсіз жүру дағдыларын үйретуге тырысамыз. Бала адасып қалмауы үшін, жол жүру ережесін сақтау керек, – дейді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Гүлнұр Құдайбергенова.

Балалардың ойын форматында ақпаратты жылдам қабылдауына мүмкіндік беретін полиция ұйымдастырған акцияға балалар белсенді қатысты. Әсіресе, оларға жол қозғалысын реттеуші ұнады, оның сигналдарының барлығын мұқият орындады.

– Мұндай акцияларды біз басқа алаңдарда да өткізетін боламыз. Оңтүстік-Шығыс, Майқұдық, Пришахтинск, Теміртау саябақтарында. Біз көңілді және танымдық оқыту процесіне мүмкіндігінше көп балаларды тартқымыз келеді. Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында біз әр сенбі сайын сағат 14:30-да балаларды күтеміз, – деп қосты Гүлнұр Құдайбергенова.

Айта кету керек, жыл басынан бері Қарағанды облысында 16 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның барысында бір бала қаза тауып, 13 бала түрлі дәрежедегі жарақат алған.