Балқашта 58 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылды

Балқашта 58 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылды

Қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын балқаштықтар екі ай бойы қаланы қоқыстан тазартумен айналысты. Олардың күшімен 58 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, мың тоннадан астам қалдықтар шығарылды.

Сенбілікті осымен екінші жыл қатарынан Балқаштың белсенді тұрғыны Анар Адамбекова ұйымдастырып, шараға бастамашы болды. Ол пікірлес адамдармен, еріктілермен және мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен бірге жағалауды, аллеяларды, ескерткіштер мен басқа да қоғамдық орындар маңындағы аумақтарды тазартумен айналысады.

– Өткен жылы сенбіліктер өткізе бастағанда, адамдар бұл бір реттік акция деп ойлады. Ал қазір қала тұрғындары мен жағалауды және басқа да жерлерді үнемі тазалап отыратынымды біледі. Жәнеде бұл PR үшін емес. Мен қаланың таза болғанын қалаймын. Қала тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоқысты жинауға шақырамын. Менің қаладағы белсенділігіме байланысты олар мені қазірдің өзінде таниды", – дейді белсенді азаматша.

Анардың күш-жігерінің арқасында жақында жағалауда екі қоқыс контейнері орнатылды. Оларға қызмет көрсетумен жергілікті қоқыс шығарушы компания айналысатын болады.

– Мен әкімге қабылдауға жазылып, барлық ұсыныстарымды оған жазбаша түрде жібердім. Бірақ контейнерлердің орнатылғаны мені қуантады. Сондай-ақ, мен жағалауда бейнекамералар, профилактикалық билбордтар пайда болғанын, ал қоқыс полигондары туралы әлеуметтік роликтер жергілікті телеарнада көрсетіліп тұрғанын қалаймын. Ол үшін тұрғындар арасында бейнероликтер байқауын өткізуді ұсынғым келеді, – деп атап өтті Анар Адамбекова.

Екі ай ішінде Анар бастаған белсенді балқаштықтар 58 рұқсат етілмеген қоқыс орнын жойып, 290 гектардан мың тоннадан астам қоқыс шығарды. Сенбіліктерге 59 бірлік техника жұмылдырылды.

– Қалада әлі де ластанған жерлер көп. Бұл өте маңызды мәселе. Бірлескен күш-жігермен біз оны шешуге тырысамыз. Сенбілікке қатысушылардың барлығына алғысымды білдіремін, – деді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.