
Қарағанды облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов от шарпыған "Кедр"моншасынан баланы алып шыққан жас жігіттерді марапаттады.
"Өртте құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Шерхан Төлеуханов пен Жантөлеу Егінбай "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапатталды. Марапаттарды Қарағанды облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов табыстады. Ол жігіттердің батылдығын атап өтіп, төтенше оқиғаға немқұрайлы қарамағаны үшін алғысын білдірді", – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, "Кедр" монша кешеніндегі өрт 29 мамырда орын алған. Бірнеше минут ішінде кешеннің өзі ғана емес, сонымен қатар көрші орналасқан тұрғын үйлердің шаруашылық құрылыстары, сондай-ақ жақын маңдағы автомобильдер отқа оранған болатын.
Өрт шыққан кезде ғимаратта болған Шерхан Төлеуханов пен Жантөлеу Егінбай ғимараттың астыңғы қабатынан бала қалып қойғанын байқаған. Баланы дымқыл сүлгімен жауып, өрт сөндірушілер келгенге дейін олар жалын арасынан көшеге шығарып үлгерген.
ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері жанып жатқан ғимараттан тағы бес адамды құтқарды.