Қаражалдың тумасы "Үздік жас ақын – 2021" республикалық байқауында жеңіске жетті

Қаражалдың тумасы "Үздік жас ақын – 2021" республикалық байқауында жеңіске жетті

Қарағанды облысы Қаражал қаласының жиырма жеті жастағы тұрғыны Жалғас Артықбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Үздік жас ақын – 2021" республикалық байқауында жеңіске жетті.

Жалғас жас кезінен поэзиямен әуестенеді. Оқушы кезінде ол өлең жаза бастады. Ал оның редакторы әрі сыншыларының бірі әкесі Елгелді Артықбаев болды, ол да өлең жазады.

– Есімде, әкем түзетулер енгізіп, маған өлең жазуды үйрететін. 2010 жылы оның нұсқаулары мен күш-жігерінің арқасында мен сол кезеңдегі үлкен жеңістердің біріне қол жеткіздім. Абай Құнанбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған қалалық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпазы атандым. Ол кезде оқушы болған мен үшін бұл маңызды және ынталандырушы оқиға болды, – дейді ақындық байқаудың жеңімпазы.

Оқуды бітіргеннен кейін Жалғас елордалық жоғары оқу орнына түсіп, оны үздік бітірді. Ол "Кеден ісі" мамандығы бойынша білім алды. Университетте оқып жүрген кезінде ақын жастар мәслихатының депутаты болған.

– Соңғы курста маған ЖОО-да жұмыс істеуді ұсынды. Бірақ диплом алып, Қаражалға, ата-анама оралдым. Сосын разрезге экскаваторшының көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Әзірге сол жерде жұмыс істеймін. Сонымен қатар өлең жазамын, екінші жоғары білім алудамын, – деп атап өтті Жалғас.

Жалғасқа Республикалық Жас ақындар байқауына қатысуға өзі оқыған жоғары оқу орнының оқытушысы ұсынған. Ақын еш ойланбастан өтінім беруге бел буды. Байқау елордада офлайн форматта өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас ақындар келіп қатысты.

– Бәсекелестік өте жоғары болды. Барлық қатысушылар жақсы дайындалды. Мен олардың деңгейіне таң қалдым. Шынымды айтсам, жеңіске қол жеткіземін деп күтпедім. Бірақ үміт болды. Жеңімпаздардың есімдері жарияланған кезде мен балаша қуандым. Жетекшім Әнел Еңсебаеваға маған сенім артқаны үшін рахмет. Мен бірінші дәрежелі диплом алдым, фотосуретім жас ақындар жинағының бірінші бетінде орналастырылды. Байқауды ұйымдастырушылар менің ата-анам мен жетекшімді де атап өтті. Оларға алғыс хаттар табысталды, – деді Жалғас.

Ақынның қоржынында 50-ден астам шығарма бар. Болашақта ол өзінің өлеңдер жинағын шығарғысы келеді.