
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында "Инклюзивті мұражай" жобасы аясында Татьяна Горшкованың "Шексіз мүмкіндіктер әлемі" атты жеке көрмесі ашылды. Онда суретшінің 22 картинасы ұсынылған.
– Татьяна шығармаларының ішінде пейзаждар, жануарлар, құстар және басқалар бар. Ол кәсіби емес, әуесқой суретші болғанына қарамастан, біздің қонақтар, мамандар оның жұмысына жоғары баға берді. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуіміз керек, сондықтан осындай көрмелерді алдағы уақытта да өткізетін боламыз, – дейді тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов.
Көрме қонақтары суретшінің жұмыстарымен танысып қана қоймай, өздеріне ұнаған картиналарды сатып ала алды. Көрменің бірінші күні жеті сурет сатылды. Барлық ақша авторға берілді.
Татьяна Горшкова 1989 жылы дүниеге келген. Бала кезінде жол апатында 1-ші топ мүгедектігін әкеп соққан жарақаттар алған. Сонымен қатар, апаттан кейін ол жетім қалған. Сурет салуды көркемсурет мектебінде үйренген.
Татьяна Горшкованың "Шексіз мүмкіндіктер әлемі" атты жеке көрмесі 12 маусымға дейін жалғасады.