
Қарағандылық спортшылардың Токиодағы Олимпиада ойындарында өнер көрсету мүмкіндігі артып келеді. Жақын арада үш олимпиадалық лицензияға тағы екі лицензия қосылуы мүмкін.
Олимпиада ойындарына нормативтерді жеңіл атлет Мария Овчинникова мен гимнаст Данил Мұсабаев орындады.
Теміртау олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі Мария Овчинникова Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті.
– Олимпиадалық норматив 14 метр 32 сантиметрді құрайды. Мария 14 метр 34 сантиметрге секірді. Ол жеке рекорд орнатты және Токиода өнер көрсету құқығына ие болды. Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) растауын күтеміз, – деді Қарағанды облысы жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Сергей Засимович.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Данил Мұсабаев Италияның Брешиа қаласында батуттық гимнастикадан әлем Кубогында сәтті өнер көрсетті. Синхронды секіруде қарағандылық спортшы өскемендік Роман Барковпен бірге күміс медаль жеңіп алды.
– Халықаралық гимнастика федерациясы қазір Мұсабаевтың Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алуы үшін ұпай санын есептеп жатыр. Нәтижелер 15 маусымнан кейін белгілі болады. Әлемдік рейтингте Данил 16-шы орында, – деп түсіндірді спортшының жаттықтырушысы Сергей Вертянкин.
Бұған дейін хабарланғандай, олимпиадалық лицензияларды Александра мен Екатерина Немич – синхронды жүзу (дуэт), Эльмира Сыздықова – әйелдер күресі және Абылайхан Жүсіпов – бокс бойынша жеңіп алған болатын. Тағы бірқатар үміткерлер рейтингтік турнирлерде өнер көрсетіп, лицензиялар үшін күресті жалғастыруда.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша