
Қарқаралы ауданында "Әлішер" шаруа қожалығының басшысы ІҚМ басын көбейту үшін 40 бас асыл тұқымды сиыр сатып алды. Осылайша, ол сапалы ет өндіруді жоспарлап отыр.
Томар ауылының тумасы Нұрғалы Жағыпар осыдан бес жыл бұрын "Әлішер" шаруа қожалығын құрған. Фермер өз ісін шамалы ғана малмен бастаған. Қазір оның шаруа қожалығында 80-нен астам ірі қара мал бар. Жақында ол 22 бас абердин-ангус сиырын және 18 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алды.
– Біз Павлодар облысынан сиыр алып келдік. Абердин-ангус тұқымы ұзақ уақыт бойы шотланд фермаларында өсірілген британдық мүйізді ірі қара малынан шыққан. Ол еттің керемет сапасымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда абердин-ангус сиырлары Шотландиядан тыс жерде де танымал. Олар Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада және АҚШ сияқты көптеген елдерде өсіріледі. Ал, қазақтың ақ басы туралы ештеңе айтудың керегі жоқ деп ойлаймын. Бұл етті сиырлар. Болашақта сүт өндірісін де іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрғали Жағыпар.