
Qaiyrymdy Urpaq акциясына қатысатын меценаттар аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 137 балаға көмектесті. Игі істерді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырды.
Ал әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балалардың армандарын жүзеге асыруға меценаттар көмектесті. Олар шет тілдер курстарына, ҰБТ-ға дайындық, спорт секцияларына, өнертану, вокал, хореография үйірмелеріне абонементтер, сондай-ақ спорттық жабдықтар мен киім-кешек сыйлады.
"Мұндай нәтиже Тәуелсіздік жылдарында бизнес және қоғамдық-саяси қызмет салаларында жетістіктерге жеткен облыстың 60 жас меценаттарының қолдауының арқасында мүмкін болды. Акцияны қолдауға қарағандылық жас кәсіпкер, "Самғау" академиясының негізін қалаушы Ардақ Жакин елеулі үлес қосты. Ол 50 түлекке ҰБТ-ға тегін дайындалу мүмкіндігін сыйлап, оған 2,5 млн теңге жұмсады", – деп атап өтті жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасында.
Шахтинск қалалық мәслихатының депутаты Маршида Кадырова музыкант жерлесіне саксофон-альт сыйға тартты. Ал "Планета спорта" дүкендер желесінің Қарағандағы филиалы Нұра ауданының спорт мектебінің 10 тәрбиеленушісін спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
"Акцияға қатысқан барлық меценаттар мен кәсіпорындарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Барлық демеушілер алғыс хаттармен марапатталады", – деді акция ұйымдастырушылары.