
Қарағандылық «Қызғылт мысық» котокафесі мейірімділік мектебіне алтыншы рет қабылдау жүргізуде. Онда балаларға арналған сабақтар тегін өтеді. Жоба «Радость» қайырымдылық дүкендер желісімен қаржыландырылады.
Мейірімділік мектебіне жазылған балалар екі топқа бөлінеді. Алғашқы мейірімділік сабағы 11 маусымда басталады. Ол 9–12 жас аралығындағы балаларға арналған. Ал 16 маусым күні мейірімділік сабақтарына 6 жастан 9 жасқа дейінгі балалар қатыса алады.
Сабақтардың басталуы 16:00. Олар аптасына бір рет өтеді. Әрбір сабақтың ұзақтығы – екі сағат.
– Біз балаларға барынша қызықты болу үшін, оларды топтарға бөлуді ұйғардық. Карантиндік шектеулерге байланысты бір топқа 15 баладан артық қабылдай алмаймыз. Біз қоршаған орта тазалығына бей-жай қарамайтын және біздің кішкентай бауырларымызды ұнататын балақайларды күтеміз, – деп мейірімділік мектебінің жетекшісі Инна Радченко оқушыларды мейірімділік мектебіне шақырды.
Мектепке барудың бірнеше шарттары бар. Біріншіден, балада жануарларға аллергиясы болмауы керек. Екіншіден, мектепке баруға баланың ниеті болғаны абзал.
Мейірімділер тобы мал дәрігерлеріне және грумерлерге қонаққа барады. Сонымен қатар, өмірі мен кәсібін жануарлармен және сыртқы әлеммен байланыстырған әртүрлі адамдармен танысады. Экомұражайға да экскурсия жоспарланған.
Баланы мейірімділік мектебіне жазу үшін WhatsApp + 7-701-319-28-32 нөміріне оның атын, тегін және жасын жазып жіберу керек.
Мейірімділік сабақтары қалай өтетіні және балалар онда немен айналысатыны жайлы толығырақ котокафенің Instagram-дағы @kotokafe_karaganda парақшасынан көруге болады.