Біржан Әлімжанов Бұқар Жырау ауданында жастарды қолдау үшін қандай шаралар жасалатынын баяндады

Біржан Әлімжанов Бұқар Жырау ауданында жастарды қолдау үшін қандай шаралар жасалатынын баяндады

Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ал Құрылыс ауылында көп бейінді корт орнатылады. Бұқар жырау ауданының жас тұрғындарына жалпы сомасы 15 млн теңгеге 20-ға жуық грант бөлінеді. Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов жастарды қолдау және ауданның даму әлеуеті туралы айтып берді.

Бұқар Жырау ауданы белсенді дамуда. Жастардың жайлы тұруы мен жұмысқа орналасуы үшін жаңа әлеуетті жобалар пайда болуда. Мысалы, Доскей және Үштөбе ауылдарындағы жетім балаларға тоғыз пәтер бөлінді. Биыл осы санаттағы тағы 16 жасты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Ботақара кентінде коворкинг-орталық ашылады.

– Тоғызқұдық ауылында шағын футбол алаңы орнатылып, Ақбел мен Құрылыста көпфункциялы футбол және хоккей корттары пайда болады. Аудан деңгейінде жас кәсіпкерлерге 20-ға жуық грант беру жоспарлануда, – деп атап өтті Біржан Әлімжанов.

"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша көтерме ақы 53 жас маманға төленетін болады. "Еңбек" бағдарламасы аясында "Жастар тәжірибесі" жобасы бойынша ауданда 30 адам жұмысқа орналасады. "Жасыл ел" жасақтарында 180 адам жұмыс істейді. Ал алты жас "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысады.

Аудан жастарының әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді жұмыс жалғасатын болады.