Ресурстық тіл орталығы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтінін мемлекеттік тілге тегін аударуға көмектеседі

Ресурстық тіл орталығы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтінін мемлекеттік тілге тегін аударуға көмектеседі

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығы JJJ жедел желісін іске қосты. Желі көрнекі ақпарат пен жарнамалық мәтіндерді тегін аудару және тексері қызметін көрсетеді. Негізгі назар жарнамалық және туристік агенттіктерге, ХҚКО-ларға, банктерге, нотариустарға, "Қазпошта" және "Қазақтелеком" бөлімшелеріне аударылды.

– Өткен жылы біз көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру әлеуметтік жобасы аясында арнайы жедел желіні іске қосқан болатынбыз. Ол желі аясында қаламызда орналасқан шағын және орта кәсіпкерлік нысан иелеріне көмек көрсетілген болатын. Бізге сауда үйлері мен супермаркеттердің, дүкендердің, дәріханалардың, автоорталықтардың және т.б. әкімшілері хабарласа алады. Біздің мақсатымыз – ұйымдарға аударма кезінде қателіктер жібермеуіне көмектесіп қана қоймай, оларды түзету уақытын қысқартуға септігімізді тигізу, – дейді ресурстық тіл орталығының директоры Мөлдір Смағұлова.

Орталық жарнама-полиграфиялық агенттіктермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасай бастады. Жұмыс формасы өте қарапайым. Жарнама менеджерлері өнімді шығаруға тапсырыс алған кезде, олар алдымен орталыққа жүгінеді. Тексеруді қажет ететін ақпарат WhatsApp-қа жіберіледі. Орталықтың аудармашылары оны тегін тексереді. Содан кейін ғана көрнекі жарнама жасалады: белгілер, баннерлер, тақтайшалар және т. б.

– Дайын эскиз бекітілгеннен кейін Тапсырыс беруші ресми келісу үшін бізге қайтадан жүгіне алады. Бүгінде бес жарнама агенттігімен келісімшартқа қол қойылды. Біз 300-ден астам ұйыммен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді Мөлдір Смағұлова.

Қазіргі уақытта жедел желіге 10 шақты өтініш келіп түсуде. Әдістемелік көмек пен тегін аударма қызметі жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күні – 13:00-ге дейін көрсетіледі.

JJJ жедел желісі: + 7-700-130-90-50, "Сауатты жарнама желісі": +7-775-163-00-00.