Абай қаласының кітапханашысы облыстық кәсіби шеберлік байқауының бас жүлдесіне ие болды

Абай қаласының кітапханашысы облыстық кәсіби шеберлік байқауының бас жүлдесіне ие болды

Қарағанды облысында жас кітапханашылар арасындағы кәсіби шеберлік байқауының қорытындысы шығарылды. Бас жүлдені Абай қаласының орталық аудандық кітапханасының кітапханашысы Сабина Бәкірова жеңіп алды. Енді ол "Үздік жас кітапханашы – 2021" республикалық байқауында облыс намысын қорғайтын болады.

– Мұндай жарыс алғаш рет өткізілді. Жас кітапханашылар нағыз кәсіби маман болуға ұмтылып, заманауи кітапхананың креативті жұмыс түрлерін қолданатыны қуантады, – деп атап өтті жюри төрайымы, Жайық Бектұров атындағы ҚОЖК жетекшісі Нұргүл Каленова.

Байқаудың іріктеу кезеңіне төрт аудан мен жеті қаланың 11 кітапхана жүйесінен Қарағанды облысының 26 жас кітапханашысы қатысты.

Қорытынды кезеңге сегіз адам өтті. Финалда қатысушылар портфолио ұсынып, өз мамандығы туралы эссе жазды, сонымен қатар кітапхана жұмысының нысандары бойынша тапсырмаларды орындады.