
Маңызды жобалар, индустриялық аймақ, тұрғын үйді қалпына келтіру – Қарағанды облысының Саран қаласында 90-шы жылдары қаңырап бос қалған РТБ кенті жаңғыртылуда.
Қала әкімі Ержан Темірханов әлеуметтік желілердегі бейне есебінде шаһардағы өзгерістер туралы айтып берді.
– РТБ өнеркәсіптік алаңын көптен күткен қалпына келтіру жүргізілуде. Yutong автобус құрастыру зауыты іске қосылды. Екінші маңызды жоба – шина өндірісі. Бүгінде зауыт құрылысы қарқынды жүріп жатыр, 2022 жылы инвесторлар оны іске қосуды жоспарлап отыр, – деді Саран қаласының әкімі.
Осы аумақта ел басшылығының қолдауымен индустриялық аймақ құрылды. Оның ауданы - 180 гектарды құрады. Бизнес өкілдері осы дайын инфрақұрылымда өз жобаларын іске асыра алады.
– Қалада өңірдің экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін өсу нүктесі пайда болды. Ең бастысы – кем дегенде 5 мың жұмыс орны құрылады. Алдағы бес жылда РТБ-нің 11 га тұрғын аймағын қалыпқа келтірудің бірегей мүмкіндігі пайда болады. Біз бүгін сол жұмыстармен айналысып жатырмыз, – деп атап өтті Ержан Темірханов.
Көп жылдар бойы бос тұрған көп қабатты үйлерді қайта құру басталды. Биыл екі үйді қалпына келтіру жоспарлануда. 2025 жылға дейін 70-ке жуық көппәтерлі үй қалыпқа келтірілуі тиіс. Сондай-ақ, екі аула аумағын, шағын гүлзарды абаттандыру және РТБ шағын ауданының көшелеріндегі жолдарды жөндеу басталды.
Қала әкімі РТБ кентін қалпына келтіру барысы туралы барлық ақпаратты ашық түрде #РТИжизнь хештегімен әлеуметтік желілерде орналастыруға уәде береді.
Ержан Темірханов тағы бір маңызды жоба – орталық қазандық құрылысы туралы да баяндады. Оның айтуынша, биыл құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуы тиіс. Содан соң келесі жылы жабдықты іске қосқаннан кейін пайдалануға беруге болады. Жоба барысы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде #СараньЦТИ хештегімен жаңартылады.
Саранның сыртқы келбеті де өзгермек. Биыл Жамбыл көшесін ауқымды қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде нөсер кәрізі төселді, жол төсемі кеңейтілді, жиектер ауыстырылды және жаяу жүргіншілер бөлігі жабдықталды.
Сондай-ақ, қалада Еңбек, Макаренко, Кошевой, Тимирязев, Шахтерская көшелеріндегі жолдарды жөндеу жоспарланған. Сегізінші орамдағы 24 үйдің аулалары, сондай-ақ Ақтас кентіндегі төрт аула аумағы абаттандырылады.