
Егер коронавирусқа қарсы екпе жасалса, «АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлері 10 мың теңге сыйақы алады. Сондай-ақ Қарағанды және Абай ауданының вакцинацияланған тұрғындарына кейбір дүкендерде, дәмханаларда және шаштараздарда тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер қолжетімді. Қарағанды облысының бизнесмендері коронавирусқа қарсы вакцинацияны насихаттауға қосылды.
Вакцинаның екі компонентін алған адамдар акциялар мен жеңілдіктерді пайдалана алады. Екпе алғанын растау үшін егудің электрондық паспортын және жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті.
Мысалы, «12 ай» құрылыс дүкенінде «Коронавирусты бірге тоқтатайық!» акциясы басталды. Вакцинацияланған адамдарға мұнда 10% жеңілдік қарастырылған. Сыйлық ретінде сатып алынған тауарды Қарағанды бойынша тегін жеткізу және жоғары қабаттарға көтеріп беру жүзеге асырылады.
– Бүгін акцияның бірінші күні. Ол сондай-ақ 4, 10 және 11 маусым күндері өтеді. Біздің облыс «қызыл» аймақта орналасқан және біз адамдарға қандай да бір түрде әсер етіп, оларға екпе алу керектігін айтып жеткізуіміз керек деп шештік. Қарағандылықтар өз денсаулығына ғана емес, айналасындағылардың денсаулығына да жауапкершілікпен қарауы керек. Айта кетейік, біздің дүкеннің барлық ұжымы екпе алды, – деді «12 ай» дүкендер желісінің Қарағанды филиалының директоры Елена Бочень.
Абай ауданында вакцинацияны насихаттау мақсатында «Денсаулыққа – Иә, Covid-ке – Жоқ дейміз!» акциясы өтуде. Вакцинация паспортын ұсына отырып, абайлықтар кейбір дүкендер мен дәмханаларда 5-10% жеңілдік ала алады. «Абай сити» және «Атриум» сауда үйлерінің қолдауымен вакцинациядан өткен көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін азық-түлік көмегі жоспарланған.
– Біз акцияға барынша көп кәсіпкерлерді жұмылдырғымыз келеді, - дейді «Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы Ләззат Ақылжанова. - Шаштараздар мен фитнес-клубтар біртіндеп қосылуда. Кәсіпкерлерді акцияны қолдауға шақырамыз. Адамдар неғұрлым көп вакцинацияланса, соғұрлым тезірек ұжымдық иммунитетті қалыптастырамыз. Қарағандылықтарға да жүгінгім келеді. Әрқайсымыздың болашақ салауатты өмірімізге қолымыздан келгенше үлес қосып, қауіпті вирус туралы ұмытып, өмірдің қалыпты ағымына оралған сәтті жақындатайық!
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы да вакцинациядан өткен өз қызметкерлерін көтермелеу туралы шешім қабылдады. Оларға 10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықақы төленеді. Қызметкерлерге арналған үндеуде Бас директор Биджу Наир барлығын жауапкершілік танытып, вакцинациядан өтуге шақырды.