
Қарағанды қаласының Жеңіс саябағында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жаңа маусымының салтанатты ашылуы өтті. Жаз бойы 320 сарбаз жұмысқа қабылданады. Олар қалалық саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру және көгалдандырумен айналысатын болады.
Қарағандыда 1 маусымнан бастап «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысы басталды. Еңбек жасақтарының жауынгерлері бірінші жұмыс күні жұмыс орындарымен, бригадирлермен және қауіпсіздік техникасымен танысты.
– Мен медуниверситеттің төртінші курсына ауысып, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқимын. Қазір жазғы демалыстамын, сондықтан жұмысқа орналасауды шештім. «Жасыл ел» сарбаздары қатарына қосылдым, себебі мені қаладағы экологиялық жағдай қатты алаңдатады. Достарым да мені қолдады, біз бірге өтініш бердік, – деді Диана Салехова.
Болашақ дәрігер шілде айына дейін жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Ол жалақысын анасына сыйлық ретінде бермекші.
Еңбек жасақтарының жауынгерлері Орталық саябақта, Мәңгілік алау алдындағы алаңда, Жеңіс саябағында, облыстық мешіт аумағында, триатлон-саябағында, Н. Әбдіров, Н. Назарбаев және Абай көшелеріндегі гүлзарларда, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің артындағы саябақта жұмыс істейді.
– Еңбек жасақтары сарбаздарының жұмысы санитарлық нормалар мен шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін 08:00-ден 17:00-ге дейін. Түскі үзіліс сағат 13:00 – ден 14:00 – ге дейін, –деді «Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Сымбат Әубәкірова. – 14 пен 16 жас аралығындағы сарбаздар күніне 4 сағаттан, 16 жастан бастап 6 сағаттан және 18 жастан бастап 8 сағаттан жұмыс істейді.
Сондай-ақ, еңбек маусымының ашылуы барысында «Тазалық кубогы» экобайқауының қорытындысы шығарылды. Ол 17–21 мамыр аралығында қарағандылық оқушылар арасында өтті. Шараға 38 мектеп қатысты, командалардың жалпы саны – 39, қатысушылар – 359 адамды құрады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша байқауда бірінші орынды №48 жалпы білім беретін мектеп иеленді. Екінші орын №95 мектеп-гимназиясына бұйырды, ал жеңімпаздар үштігін №40 мектеп қорытындылады. «Белсенді қатысқаны үшін» арнайы сыйлықтарымен №103 мектеп-лицей және №87 ЖББМ марапатталды.