
Қарағандыда Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі ән орындаушылар байқауының жеңімпаздары анықталды. Ән сайысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Семей және Қарағанды облыстарынан 36 жас орындаушы қатысты.
Байқау екі кезеңмен өтті. Алдымен қатысушылар Жүсіпбек Елебековтың жинағынан әндер шырқады. Содан кейін еркін тақырыпта халық композиторларының шығармаларын орындады.
– Биылғы байқаудың ерекшелігі – барлық орындаушылар күрделі және ерекше әндерді таңдады, – дейді қазылар алқасының төрағасы Ғалым Мұхамедин.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені алматылық әртіс Ақжол Өсербай жеңіп алды. Қарағанды облысының әншісі Нұрболат Ұзақбай бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Павлодардан Дәуренбек Сламғали және Алматыдан Қабдел Қастер бөлісті. Үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан Айбала Бейсенова, Алуа Қалымова және Айбек Рымғали иеленді.