
Студенттер арасындағы эссе байқауы кеншілер өлкесінің ауылшаруашылық саласының жетістіктеріне және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Шара онлайн форматта Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің бастамасымен өтті. Эссе жазудағы өз шеберліктерін Қарағанды облысының 16 колледжінен 20 студент шыңдады.
– Байқау білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Студенттердің барлық жұмыстары жеңіске лайықты болды. Бірақ байқау болғандықтан комиссия қатысушылардың арасынан үш жеңімпазды таңдады. Тағы екі студентті білімқұмарлығы пен шеберлігі үшін марапаттадық, – деп атап өтті Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлжазира Күлпейісова.
Байқауда бірінші орынды Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледжінің екінші курс студенті Ерғұлан Нұрланов жеңіп алды. Ол өзінің эссесінде туған Жаңаарқа ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін сипаттаған.
Екінші орын Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Назерке Бағдатқа табыс етілді. Ол болашақ технолог, "Тамақтандыруды ұйымдастыру" мамандығы бойынша білім алуда. Бойжеткен шығарма тақырыбын болашақ мамандығымен байланыстырды. Оның пікірінше, елдегі ауыл шаруашылық саласының дамуы экономикаға ғана емес, адамдардың денсаулығына да әсер етеді.
Теміртау индустриалды-технологиялық колледжінің студенті Виктор Шиллердің жұмысы да комиссия мүшелеріне жақсы әсер қалдырды. Эсседе ол ұзақ жылдар бойы Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеген және ауылдың дамуына үлкен үлес қосқан Қазақстанның Халық қаһарманы Александр Христенко туралы айтып берді.