Бұқар Жырау ауданының көпбалалы аналарына "Алтын алқа" және "Күміс алқа" табысталды

Бұқар Жырау ауданының көпбалалы аналарына "Алтын алқа" және "Күміс алқа" табысталды

Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында Балаларды қорғау күні көп балалы аналарға Алтын және Күміс алқалар табысталды.

Самарқанд ауылының тұрғыны Виктория Абрагимова жеті бала тәрбиелеп отыр. Ол "Алтын алқа" белгісінің иегері атанды. Виктория мемлекет тарапынан мұндай көңіл бөлініп жатқанына өте риза екенін жеткізді.

– Алтын алқа алу – мен үшін қуанышты оқиға. Мен балаларды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Менің бес ұлым және екі қызым бар. Ең үлкен балам – 13 жаста, ал ең кішісі – төрт айлық, – дейді Виктория Абрагимова.

Көп балалы аналарға мемлекеттік наградаларды аудан әкімі Сержан Аймақов табыс етті. Күміс алқаны Көкпекті ауылының тұрғыны Гүлжазира Ысқақова мен Ботақара кентінен Назгүл Есеева алды.

– Аналар барша халықтың құрметі мен алғысына лайық, сіздердің әрқайсыңыз еліміздің игілігін арттыра отырып, ерліктеріңізді көрсетесіздер. Бір баланың өзін елінің лайықты азаматы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ананың алдында тұрған күрделі міндет. Ал сіздер бірнеше баланы тәрбиелеп отырсыздар... – деп атап өтті Сержан Аймақов аналарды марапаттау салтанатында.