Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіндегі "Қасымтанудың өзекті мәселелері" атты дөңгелек үстелде Қасым Аманжоловтың шығармашылық мұрасының қазақ әдебиетінің дамуына әсер ету мәселелері көтерілді. Іс-шара қазақтың ұлы ақынының туғанына 110 жыл толуына арналды. Дөңгелек үстел жұмысына белгілі ғалымдар, саяси және қоғам қайраткерлері қатысты.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Қасым Аманжоловтың Қазақ әдебиетіне қосқан ерекше үлесін атап өтіп, ақынның мерейтойын мерекелеу аясында өткізілетін іс-шаралар туралы айтты.
– Ақынның аңызға айналған шығармалары мәңгілікке қалды. Бүгінгі дөңгелек үстелдің нәтижелері Қасым мұрасын зерттеу үшін құнды дереккөзге айналатынына сенімдімін. Биыл біз ақынның мерейтойына арналған бірқатар іс-шараларды жоспарладық. Атап айтқанда, "Дүниеге әлі талай келер Қасым" атты республикалық ақындар байқауы және "Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ..." атты Қасым оқулары, қазақ поэзиясындағы жаңашылдық үдерістер туралы ғылыми-тәжірибелік конференция, эстрада жұлдыздарының орындауындағы Қасым әндері жинағының таныстырылымы және т. б. өткізілмек. Сонымен қатар күзде Қасымның үйін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Абзал Нүкенов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар: Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов, әдебиет сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, Франциядағы "Қорқыт-Абай" мәдени орталығында Қазақ тілі пәнінің оқытушысы Құралай Алтұнай, жазушы Дидар Амантай, Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінің профессоры Сағымбай Жұмағұлов және басқалары-өз баяндамаларында Қасым Аманжолов шығармашылығының өзекті мәселелерін көтерді, сондай-ақ ақынның бай мұрасын одан әрі сақтау және зерделеу бойынша өз ұсыныстарын енгізді.
– Шығармашылық мұра тақырыбы бойынша бейне - және аудиолекцияларды жазып, ақынның шағын қалталы өлеңдер жинағын шығарған жөн. Сондай-ақ, Қасым Аманжоловтың академиялық жинағы қажет, өйткені ол цензураның ортасында тұрып, өлеңдері редакцияланған. Ақынның шығармаларын түпнұсқада жариялау керек, – деп есептейді Ербол Тілешов.
Дөңгелек үстел модераторы – академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Айта кету керек, іс-шара барысында Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы үш жүзден астам кітап қойылған кітап көрмесі өтті.