
Қарағанды облысы чемпионатының финалдық ойындарының қорытындысы бойынша Шет ауданының көкпаршылары бірінші орын алды. Күміс жүлде Нұра ауданының командасы алса, үшінші орынды Жаңаарқа және Қарқаралы аудандарының спортшылары бөлісті. Енді чемпионаттың үздік ойыншыларынан құрама жасақталып, спортшыларымыз Павлодардағы республикалық біріншілікте біздің өңірдің намысын қорғайды.
Қатысушылардың пікірінше, жарыс жоғары деңгейде өтті және ешқашан мұндай ауқымды болған емес. Өңірлік біріншілікте жеңіс үшін облыс аудандарынан келген он команда бақ сынасты. Бұл өткен жылдары ұйымдастырылған облыстық чемпионаттармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
– Мұндай өрлеу ең алдымен облыс әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасының бізге үлкен қолдау көрсетуімен байланысты, соның арқасында біз бірігіп, осындай жарыстарды өткізе алдық, – деп атап өтті Облыстың көкпар бойынша аға жаттықтырушысы Нұржан Шайхин. – Енді аудандарда жас көкпаршылармен үлкен ынтамен айналысатын, біздің өңірде осы ұлттық спорт түрін белсенді дамытатын жаңа, білімді жаттықтырушылар жұмыс істейді. Көкпар жасарып келе жатқаны анық, бұл әрине қуантады.
Айта кетейік, қызықты матчтар жақын арада ипподром құрылысы басталатын жерде өтті (Үштөбе кентінің ауданы). Мұндай нысан Қарағанды облысында өте қажет. Сонымен қатар, ұлттық ат спортының танымалдығы артып келеді.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша