Приозерскідегі ұзаққа созылған құрылыс қайта жанданды

Приозерскідегі ұзаққа созылған құрылыс қайта жанданды

Приозерск қаласында құрылысы ұзаққа созылған үйлердің бірі аяқталу сатысында. Көптен күткен су тазарту құрылыстарының жобасы 90%-ға дайын. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қалаға жұмыс сапары барысында проблемалық нысанда болып қайтты.

Нысандағы жұмыстар қымбаттауға байланысты бірнеше жылға тоқтатылды. Қазір ЖСҚ түзетілді, ЖҚЖК-2021 бойынша осы жылдың соңына дейін нысанды аяқтауы тиіс мердігер анықталды. Құрылыс технологиясына сәйкес, тазартудан кейін КТҚ-ға келетін суды екінші рет қолдануға болады. Жобаны іске асыру 33 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Облыс әкіміне қаланың жылу беру маусымына дайындығы туралы да баяндалды. Жеңіс Қасымбек жоспарлы жөндеу жұмыстары басталған қазандықты баықлап қайтты. Процесс барысында мамандар жүйенің тиімділігін арттыратын қосалқы жабдық – экономайзерлерді жөндеу қажеттілігін анықтады. Облыс басшысына қаржыландыруға көмек сұрап жүгінді. Жабдықты қалпына келтіруге 104 миллион теңге қажет. Жеңіс Қасымбек бұл мәселені пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, облыс басшысына қаланың сыртқы өзгерістері туралы да айтылды. Мысалы, «Жеңіс» бульвары қалай абаттандырылып жатқаны көрсетілді. Көше «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ретке келтірілуде. Гүлзар қала тұрғындарының демалуы үшін барынша ыңғайлы етп қайта қалыпқа келтіріледі. Мұнда жарықтандыру, шағын сәулет нысандары, орындықтар орнатылады, көгалдандырылған аймақтар көбейеді.

Приозерск қаласында көп қабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге, аулаларды абаттандыруға бюджеттен қаражат бөлінді, олардың тек үшеуін ретке келтіру ғана қалды. Қалған 26-сы өткен жылдары жөнделді.

Ал қалада кезекте тұрғандар үшін 45 пәтерлік бес қабатты үй салына бастады.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі қалалық емханадағы вакцинация орталығына да барды. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясына қарсы 750 Приозерск тұрғыны толық егілді, вакцинаның бірінші компонентін 1 929 адам алды.