
Жыл басынан бері Қарағанды өңірінде интернет-алаяқтықтың 903 жағдайы тіркелген. Киберволонтерлер мен полиция бүкіләлемдік ғаламтор пайдаланушыларын заңсыз ақпараттан қорғауға кірісті.
Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Қарағанды облысының полиция департаменті мен жастар саясаты мәселелері басқармасы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің мақсаты IT-қауіпсіздік жобаларын іске асыруға және облыста киберволонтерлер қозғалысын дамытуға бағытталған полиция мен жастар арасында серіктестік қарым-қатынастарды орнату және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
– Қазіргі уақытта Интернеттегі алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түріне айналды. Жыл басынан бері біздің облыста 903 осындай құқық бұзушылық тіркелді. Бұл құбылыспен заманауи тәсілдер және әдістермен күресу керек. Біз сіздердің тараптарыңыздан кез келген идеяларды, ұсыныстарды, көмекті қарастырамыз. Киберволонтерлер қозғалысы – бұл серіктестіктің жаңа нысаны, белсенді азаматтық позицияның және біздің тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігінің мысалы. Оған қатыса отырып, Қарағанды жоғары оқу орындарының студенттері – болашақ цифрлық және компьютерлік технологиялар мамандары – өз теориялық білімдерін іс жүзінде толық көлемде қолдана алады, – деп атап өтті Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Әбіл Әбілдин.
Кибер еріктілікті дамыту жөніндегі қозғалысқа жастарды кеңінен тарту көзделеді. Жастар саясаты мәселелері басқармасы қазірдің өзінде интернетте құқық бұзушылықпен күресушілер қатарына қосылғысы келетіндердің барлығына тіркелу мүмкіндігі бар телеграм-бот құрды.
– Киберволонтерлерді дайындау – көп еңбекті талап ететін процесс. Қозғалысқа қатысуға дайын дарынды балалар бар. Біз полицейлерге интернет-қылмыстармен күресте көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.