Қарағанды облысында жас радиоконструктор-рационализаторлар байқауының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында жас радиоконструктор-рационализаторлар байқауының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жас радиоконструктор-рационализаторлар онлайн байқауының қорытындысы шығарылды. Оған Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран қалаларынан, сондай-ақ Шет және Абай аудандарынан 11 жастан 17 жасқа дейінгі 29 жасөспірім қатысты.

– Байқау жақсы деңгейде өтті. Көптеген қызықты жұмыстар болды. Сондай-ақ, жетілдіруді қажет ететін жобалар бар. Байқау қорытындысы бойынша алты бөлімде 18 жеңімпаз анықталды, – деді «Сарыарқа дарыны» РҒТО әдіскері Марғұлан Әлім.

«Радиотехника» бөлімінде бірінші орынды Теміртау қаласының «Балалар технопаркі» балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектебінің оқушысы Николай Ильницкий иеленді.

«Электрондық автоматика», «Бақылау-өлшеу аспаптары» бөлімдерінде және эксперименттік бөлімдерде техникалық спорт түрлері және техникалық шығармашылығы бойынша облыстық спорт мектебінің тәрбиеленушілері Санжар Зейнуллин, Денис Боголюбов және Саят Ахметов жеңімпаз атанды.

Радиоспорт және байланыс құралдары саласында көшбасшылыққа Шет ауданы Ақтоғай кентінің Ю. А. Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Томирис Смағұлова шықты.

«Электронды ойындар мен ойыншықтар» бөлімінде бірінші орынды Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің студенті Павел Королев иеленді.

Жүлдегерлер дипломдармен және сыйлық сертификаттарымен, ал олардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.