
Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Камила Оразбек INFOMATRIX-ASIA 2021 Халықаралық компьютерлік жобалар байқауының күміс медалін жеңіп алды. Биыл онлайн-жарысқа 28-ден астам елден 400-ге жуық оқушы қатысты.
Қазылар алқасының қарауына «Компьютерлік бағдарламалау» номинациясында Камила білім беру процесінде толықтырылған шынайылықты пайдалану бойынша жобалық жұмысын ұсынды.
– Жалпы білім беретін мектептердің қажетті жабдықтармен жабдықталу деңгейін талдай келе, мен барлық оқушылар зертханалық жұмыстарға қатыса алмайтынын, ғылыми тәжірибелер жүргізе алмайтынын, сондықтан олар жаңа тақырыптарды игеруде қиындықтарға тап болатынын талдап, алаңдадым. Сондықтан мен мектеп оқушылары түрлі ғылыми тәжірибелерді ойын түрінде еркін өткізе алатын, 3D-объектілермен өзара іс-қимыл жасай алатын, аудиоматериалдарды тыңдай алатын және т. б. мобильді платформа құру қажет деп шештім, – деп НЗМ оқушысы өз жобасының мақсаты туралы әңгімелейді.
Халықаралық байқау 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның ұйымдастырушылары Сүлейман Демирель университеті (SDU) және «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы болып табылады.